Қазақстанда Migration.enbek.kz көші-қон ресурстары порталы іске қосылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, платформа елге келетін шетелдіктер туралы ақпаратты орталықтандырылған басқару құралдарын біріктіреді, сонымен қатар көші-қон саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Migration порталы – бизнес-процестерді реинжинирингтеу және көші-қон саласындағы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын дамыту жолымен құрылған инновациялық платформа. Шетел азаматтары туралы ақпаратты орталықтандыру және біріздендіру көші-қон процестерінің әртүрлі кезеңін синхрондауға, деректерді тиімдірек басқаруға, оларды өңдеу мерзімдері мен шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Порталда көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтердің кең спектрі бар. Мысалы, «Қандас» статусын беру, қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, «Ата жолы» картасын беру, пана іздеуші адам куәлігін алу және тағы басқа.