Абай облысында Бақты–Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Премьер-министр Әлихан Смайылов құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып жатыр. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты–Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр.
Жалпы Бақты–Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 миллионнан 48 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және сегіз автомобиль өткелі, бес жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарланып жатыр. Жергілікті қамту кем дегенде 85% болады деп күтіліп отыр, — делінген хабарламада.
Іс-шараға Абай облысы әкімдігінің, көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылары, теміржол саласының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.