Жаңа жыл келе жатыр. Бәріміз алдағы жыл отшашу іспеттес жарқын, түрлі-түсті болғанын әрі қуанышқа толғанын қалаймыз. Baribar.kz редакциясы да ерекше атмосфераға толы мерекеге құтты болсын айтып, суық күнде жылытатын глинтвейн сусыны рецебін ұсынады.
Алкоголь бар глинтвейннің рецебі: «Сиқырлы сусын»
- 1 бөтелке қызыл шарап (қыстың суығын ұмыту үшін);
- 1 апельсин, 1 алма (дәрумен күлкі үшін);
- 1 лимон (өмірдің ащысын да, тұщысын да көру керек);
- жұлдызша дәмдеуіштің (гвоздика) 8-10 данасы (жұлдызыңыз биік болуы үшін);
- даршынның (корица) 2-3 таяқшасы (өміріңіз қызыққа толуы үшін);
- қалауыңызға қарай қант (өміріңіз тәтті болуы үшін);
- су, бренди мен ром (кешіңіз қыза түсуі үшін).
Дайындау әдісі:
- Көңілді әуен қосамыз, 32 тісімізді көрсетіп күліп жүріп, сусын әзірлеуді бастаймыз!
- Үлкен кәстрөлге су, шарап құямыз. Оған қоңыр қант саламыз. Көңілді әннің ырғағына билеп тұрып, араластырамыз.
- Апельсин мен лимонды әдемі етіп тураймыз. Сосын оларды, жұлдызшаларды және даршынды дайындап жатқан сусынға қосамыз. Тоқтамай билей береміз!
- Кейін біртіндеп бренди мен ром қосыңыз.
- Дайын болайын-болайын деген глинтвейнді баяу отта 15-20 минут қайнатамыз.
- Сусыныңыз дайын! Глинтвейн бой жылытып, жылы естеліктер сыйласын.
Алкоголь жоқ глинтвейннің рецебі: «Тәтті сусын»
- 4 кесе алма шырыны (жерқоймада сақталмаса, дүкендегі алма жарай береді);
- 1 кесе су (алкоголь қоспағандықтан, суды аямаңыз);
- 1 апельсин (апельсиннің қабығын аршып жүрмеңіз);
- 1 лимон (түрлі эмоция сезіну үшін);
- жұлдызшаның 8-10 данасы (дәмді әрі әдемі болуы үшін);
- даршынның 2-3 таяқшасы (қонақтарыңызды таңғалдыру үшін);
- қалауыңызға қарай қант (Тәттібек болсаңыз, көбірек қоса беріңіз);
- 1 ваниль таяқшасы (атмосфера ерекше болуы үшін).
Дайындау әдісі:
- Фламинго сияқты бір аяқпен тұрамыз да, «Jingle Bells» әнін айтып, лимонды, апельсинді тураймыз.
- Кәстрөлге суды, алма шырынын құямыз. Оған лимонды, апельсинді, даршын таяқшаларын, жұлдызшаларды, ваниль таяғын, қантты саламыз.
- Әбден араластырамыз, содан кейін ыдысты орташа жанып тұрған отқа қоямыз.
- Бір бұрқ еткен соң, 15-20 минут өте баяу отта қайнатамыз.
- Бұрқылдап-бұрқылдап өзі-ақ дайын болады. Иісі мұрын жара бастағанда, отты өшіресіз де, ыстықтай ішіп аласыз.
Глинтвейн жылытып қана қоймай, көңіліңізді де көтереді. Ас болсын! Мерекеңіз жақсы өтсін!