Жас өнертапқыштың айтуынша, көпірді құрастырудағы басты мақсаты — дарияның арғы бетіндегі ағайындар мәселесін жеңілдету. Қыс келсе Сырдария өзенінің арғы бетінде тұратын тұрғындар Басықара ауылы арқылы айналып, әбігерге түсіп жатады. «Қарлан», Әлсейіт өткелі мен Абай ауылының тұсындағы қалқымалы көпірлер өзенге мұз қатып, сең жүрсе алынып тасталады.
Аудандық оқушылар үйінің «Электротехника» үйірмесіне қатысатын Серік өз ойын жетілдіріп, үйірме жетекшісі Қайрат Оразовқа жеткізеді. Ұстазы шәкіртіне ақыл-кеңесін айтып, барынша көмектеседі.
Көпірдің қандай ерекшеліктері бар?
Құрастырмалы-жиналмалы көпір екі бөліктен тұрады. Ол өзеннің екі бетіне орналастырылады. Темірден жасалатын көпір пульт арқылы басқарылмақ. Қауіпті жағдай туындағанда жиналады. Қазіргі қалқымалы көпірлерден басты айырмашылығы — осында.
Өнертапқыштың есептеуі бойынша, көпірдің ұзындығы қажетіне қарай 40-50 метрге дейін жетсе, ені екі автокөлік еркін сиятындай болады. Үстінен 10 тонналық төрт машина өтсе де көтермек. Жиналмалы көпірдің ендігі бір ерекшелігі, оған ешқандай электр бағандарын тартып, әуре болмайсыз. Қасындағы қосымша вагон қажетті электр энергиясын күн көзінен алады.
Қолға алам деуші кәсіпкерлер табылса, бір жыл ішінде бар-жоғы 40-50 млн теңгеге орната алады. Көпірдің құрылысына кеткен шығынды 5 жылдың көлемінде қайтарып алуға мүмкіндік бар