Астанада қала көшелерін қардан тазартуға 2 300-ден астам жол жұмысшы мен 1 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Қардан тазарту 18 желтоқсанға қараған түннен, яғни қар жауғаннан бастап жүргізіліп жатыр. Қар тазалау жұмысы күшейтілген режимде, кешкі және түнгі уақытта, сонымен қатар маршруттарды белгілеу арқылы жүргізіледі. Бірінші кезекте, ереже бойынша жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы қарқынды учаскелер тазартылады. Ары қарай, қозғалысы орташа қарқынды учаскелер – алаңдар, вокзал маңындағы аумақтар, тротуарлар тазартылады, — делінген хабарламада.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, сол сияқты жарықтандыру қосылған.
Қыс мезгілінің басынан бері және жауын-шашын жауғаннан бері қар полигондарына 100 мың текше метрден астам қар шығарылды және 6 600-ден астам рейс жасалды. Қала тұрғындары мен қонақтарын көшеде жүргенде өте мұқият болуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз, — делінген хабарламада.