Кез келген ауылды дамыту үшін алдымен оның инфрақұрылымын жақсарту маңызды. Сонда ғана күнделікті тұрмысқа, шаруашылық пен кәсіпкерлікке қолайлы жағдай туады. Мемлекет басшысының берген тапсырмасы осы мақсатты көздейді. Тәуелсіздік күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында екі ауыл және Теректі ауданында бір ауыл сапалы ауызсу желісіне қосылды. Гидронысандарды іске қосу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Чиров ауылында 400-ден астам адам тұрады. Елдімекенде бұрынғы орталықтандырылған су құбыры әбден тозып, кейін желі жұмысын тоқтатқан. Содан бері тұрғындар тіршілік нәрінен тарығып келді. Енді, міне, мемлекет тарапынан құбыр желісін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, әр үйге тұнық су кіргізілді. Құрылысқа 300 миллионға жуық теңге бөлінген.
«Ауыл тұрғындарын еліміздің қасиетті мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бүгін көптен күткен ауызсу құбыры жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бар: ауылдарды дамыту, жағдай жасау, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Соның бірі — осы ауызсу мәселесі. Биыл өңірде 47 елдімекенге су апарып жатырмыз. Соның 32-сі жерасты су құбыры болса, қалғаны кешенді модульді блоктар. Сапалы ауызсу желісін тарту ауыл халқының денсаулығын да жақсартуға септігін тигізеді. Сондықтан барынша осындай жағдай жасап жатырмыз» деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Ауданда дәл осы күні Раздольное ауылына да сапалы су құбыры жеткізіліп, тұрғындардың мерекелік көңіл-күйі еселене түсті.
«Біз үшін бүгін қос мереке болып жатыр. Әрине, бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасы. Мұндай қуанышты сәттер көп болсын! Ауылдық жерлер дамыса, ел де дамитынына сенемін. Қазір қала мен ауыл арасындағы айырмашылық қысқарып келе жатыр ғой. Тұрмысқа қажетті жағдайдың бәрі біртіндеп жасалып келеді. Біз дән ризамыз!» деді Гүлсара есімді аудан тұрғыны.
Бәйтерек ауданында 68 елдімекен болса, қазіргі таңда соның 38-і орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған екен. Халық санының тұнық тіршілік нәрімен қамтамасыз етілу көрсеткіші 83,6 пайыз болып тұр. Ендігі жылы шағын елдімекендерге ауызсу құбырын тарту көзделіп отыр.
«Сегіз ауылға жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланған. Ал халық саны 200 адамға жетпейтін тағы тоғыз ауылға кешенді модульді блоктар орнатылады» делінген аудан әкімдігінің ресми мәліметінде.
Қастерлі мереке Теректі ауданының Пойма ауылында да гидронысанның ашылу салтанатымен айшықталды. Мұндағы сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – 18 шақырым. Жобаға бюджет есебінен 560 миллионға жуық теңге жұмсалды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан елдімекен кәсіпкерлікке де, шаруашылыққа да қолайлы. Ал инфрақұрылымының жақсаруы әр саланы жетілдіруге жаңа серпін беріп отыр.