«Аппақ келін» веб-сериалы енді толықметражды фильм ретінде көрерменге жол тартты. Бұл фильм — ҚР мәдениет қайраткері, әнші, актриса Жанар Айжанованың үлкен экрандағы ең алғашқы дебюты.
Бұл туралы актриса Жанар Айжанова берген сұхбатында былай деді: «Аппақ келін» жобасы бойына қазақилық пен сыйластықтың негізін көрсетіп қоймай, қаншама көрерменге ұмыт болған салт-дәстүрлерді насихаттап келеді. Алғашында веб-сериал болып басталған жобамыз бүгінде фильмге айналды. Сондықтан қобалжу мен толқыныс сезімі де бар. Жігіттер сценарий жазуға кіріскеннен менімен ақылдасқан соң, бұл — біздің бір сорпада қайнап жүріп жасаған ортақ жұмысымыз, — дейді ол.
https://youtu.be/NgRRogthZxg?si=oF1VzLbNofPfIOEr
«Аппақ келін» — шынайы оқиға негізінде жазылып басталған жоба. 2022 жылы күллі қазақ елі ауылдың генерал енесіне айналған Қамажаймен бірге афроамерикандық келін түсірген. Осы уақыт аралығында туындыда көрерменге еліміздің салт-дәстүрін үйретіп қазақ отбасында болатын мәселелерді көтерілді. Сериал түрлі әлемдік фестивальдерге ұсынылды. Атап айтсақ, Корея мемлекеті Пусан қаласындағы ASIA CONTENTS AWARDS- 2022, Испанияның солтүстігіндегі Бильбао қаласындағы Bilbao Seriesland Web Fest, Италияның Корато қаласындағы Apulia Web Fest фестивальдеріне қатысып, үздіктер қатарынан табылды.
«Аппақ келін»—нің фильм нұсқасының негізгі идеясы туралы фильмің авторы әрі сценарий авторы Сержан Серікбаев айтып берді.
Қазақта ертеден келе жатқан «бауырға басу» деген дәстүр бар. Ата-әжесі көбіне алғашқы немересін бауырға басып, бар мейірімін төгеді. Ал ата-анасын мал табу мақсатында қалаға жеке жібереді. Жырақта өскен бала өзін ата-әжесінің баласымын деп ойлап, ата-анасын атымен атап, аралары суып та кетіп жатады. Бұл сол уақытта білінбегенімен кейін үлкен мәселеге айналады. Сондықтан балаға «Сен кімнің баласысың?», — деген сұрақ та жиі қойылады. Фильмде осы тақырып аясында туындауы мүмкін мәселелерді көтеруге тырыстық, — дейді автор.
Фильм авторларының айтуынша, жобада өзге де мәселелер негізгі оймен сабақтастырылып көрсетіледі. Көрермен туындыдан ене мен келін, бедеулік, денсаулық, психология, жұмысбасты ата-аналар, бөлек шығу сынды кішігірім қосалқы проблемалар жайлы да көре алады.
Фильмді Epicentrum және Salem social media компаниясы бірлесіп түсірген. Сонымен қатар, фильмді таратушы — Niet тәуелсіз дистрибьюторлық компаниясы.