Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Qazaq universiteti газетіне 75 жыл толды. Мерейтойға орай, университетте Media University деген студенттік сapstone өтті. Жиында газеттің бұрынғы редакторлары бас қосып, басылымның тарихы және қазіргі келбеті баяндалды.
Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева қазір газет бетіне студенттердің мақаласы көптеп шығып жатқанын айтты.
Басында газет орыс тілінде шыққан екен. Одан соң екі тілде жарық көре бастады. Кейінгі жылдары басылым бетіне студенттеріміздің өз мақаласы, өлеңі жарық көріп келеді. Газеттің бүгінгі мерейтойын да студенттер ұйымдастырып жатыр. Білімгерлер басылымның танылуына әрі қарай да атсалысады деп сенемін, — деді Ләззат Еркінбаева.
Басылымның «Қазақ университеті» деп аталуына мұрындық болып, газетті біраз жыл басқарғандардың бірі — Сағымбай Қозыбаев.
Газетіміз 1948 жылы «За отличную учебу» деп орысша аталған еді. Өзім 1975-177 жылдары газеттің редакторы болдым. Қазір редактор болғаның үшін төлейді, ол кезде бұл партия мүшесі ретіндегі қоса атқарылатын жұмыс болатын. Газеттен орыс тілін алып тастап едім, 1976 жылы партиялық комитет ескерту берді. Қазір архивтан бір нөмірін алып қарап отырмын. Менен бұрын болған редакторлар елдің асыл азаматтары еді. Қайыржан Бекқожинді алайық. Өзі факультет деканы, оған қоса газеттің де редакторы болған. Мұндайды қайдан табасыз?! — деп Сағымбай Қозыбаев редакторларды еске түсірді.
Сағымбай Қозыбаев газеттің мерейтойы қарсаңында басқа да авторлармен бірлесіп, басылым тарихы туралы 620 беттік кітап әзірлегенін айтты.
Qazaq universiteti газеті 1948 жылдан бері шығып келеді. Негізгі бағыты — университеттің мәдени-көпшілік орындарда және факультеттер ішінде өтіп жатқан басты жаңалықтарды таныстыру.
Университет басылымы 75 жылда өзгерді, кемелденді және жаңа дегейге көтерілді. Бүгінде газет республика көлемінде тарайды. Газеттің мұқабасы 2007 жылдың наурызынан бастап түрлі-түсті болып шығып келеді.