Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9%-ке өсті. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Биыл қантар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% болды. Оның ішінде нақты сектор – 3,5%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 5,6%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сонымен қатар көлік және қоймалау көрсетті, — деді Әлібек Қуантыров үкімет отырысында.
Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6% болды. Инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58%-ке, саудада – 34%-ке, білім беруде – 17%-ке, ауыл шаруашылығында – 11%-ке, сонымен қатар өнеркәсіпте – 8,5%-ке, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,6%-ке өсті.
Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарында байқалды.
Алдын ала қорытынды бойынша, 2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6%-ке өсіп, 114 миллиард доллардан асты. Экспорт 65 миллиард долларға, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 21 миллиард долларға жуықтады. Тауарлар импорты 49 миллиард доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы 15 милииард доллардан асты, — деді Әлібек Қуантыров.