Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев мыңдаған жұмыс орнын ашуға ықпал ететін бастаманы жариялады

Президент мыңдаған жұмыс орнын ашуға ықпал ететін бастаманы жариялады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Бүгінде ірі шикізат өндірушілермен 25 келісім жасалды. Бұдан бөлек, шикізат бағасын арзандату үшін қосымша шаралар қолға алынды.

Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажетін толық өтесе ғана шикізатты экспорттай алады. Бұл шешім дайын өнім өндіруге және оны сыртқы нарыққа көбірек шығаруға ықпал етеді. Сонымен қатар мыңдаған жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді, — деді президент «Алтын Сапа» сыйлығын табыстау рәсімінде.

Президенттің айтуынша, елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруымыз керек. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр. Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты” туралы арнайы заң қабылданды. Ал өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды.

Биылдың өзінде еліміз бойынша жалпы құны 376 миллиард теңгені құрайтын 91 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашу – жалпы мемлекеттік міндет. Өйткені бұл жерде халықты жұмыспен қамту, қоғамдағы масылдық психологиядан арылу туралы айтылып отыр, — деді президент.