2,5%-тік кредит: 5 мыңнан астам адамның өтініші мақұлданды

Кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-тік жеңілдетілген микрокредиттер алуға 7,4 мың өтінім түсті.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

7 желтоқсандағы жағдай бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5 496 жобаны мақұлдады. Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланып отыр.

Жеңілдетілген кредиттің мөлшері – 5 миллион теңгеге дейін, оны кез келген мақсатқа бес жылға алуға болады. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін кредиттің мерзімі — жеті жылға дейін.

Микрокредит алуға өтінімдер көп түскен өңірлер:

  • Түркістан облысы (1014),
  • Жамбыл облысы (786),
  • Қызылорда облысы (642),
  • Астана қаласы (548),
  • Шымкент қаласы (498).

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 496 жоба мақұлданды, оның ішінде 5 068 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды. Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, бес жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі, — делінген хабарламада.