Басты бетЖаңалықтарМинистр: Елімізде...

Министр: Елімізде 700-ге жуық есірткі түрі анықталды

Кейінгі бес жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден бір тоннаға дейін күрт өсті. Бұл туралы мәжілісте есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тақырыбындағы үкімет сағатында ішкі істер министрі Ержан Саденов айтты.

Дүниежүзінде 1 000-нан астам есірткі түрі бар. Қазақстанда 700-ге жуық есірткі немесе оның аналогтары бар. Елдегі есірткі ахуалына үш негізгі фактор әсер етеді. Демек, каннабис шикізаты, «Солтүстік бағыт» арқылы өтетін ауған героині, синтетикалық есірткінің таралуы ықпал етеді. Біздегі есірткі бойынша ахуалдың күрделенуіне қарасақ келесі кезеңдерге бөлуге болады. Біріншіден, 1990-шы жылдары есірткі нарығында «марихуана», «гашиш», «апиын» көбірек болды және «героиннің» алғашқы партияларының пайда болуымен сипатталады. Осы кезеңде Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының есірткіге қарсы барлық үш конвенциясын ратификациялады және оны бақылауға алудың халықаралық жүйесіне қосылды. 1998 жылы елімізде «Есірткі құралдары туралы» алғашқы заң қабылданды. Екіншіден, 2000-шы жылдары героин нашақорлығы өрши бастады. Инъекциялық есірткілер сол уақыттың «дерті» болды. Нашақорлар бір шприцті пайдаланғандықтан, қоғамда АИТВ аурулары тез тарала бастады, — деді Ержан Саденов.

Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап қазірге дейін «синтетикалық есірткінің» жаппай таралуы байқалды.

Үшіншіден, елімізде есірткінің жаңа түрі пайда болмай тұрып, оны бақылау тетіктері жүзеге асырылады. Аталған өзгерістер енгізілген күннен бастап «синтетикалық есірткімен» күресудің құқықтық құралдары пайда болды. Кейінгі бес жылда «синтетикалық есірткіні» тәркілеу көлемі 10 келіден бір тоннаға дейін күрт өсті, — деді Ержан Саденов.