Риддерде өзен тасып, үйлерді су басты

Риддердегі Хариузовка өзенінің арнасында мұз қатуынан су деңгейі көтеріліп, үйлерді су басты. Бұл туралы ШҚО әкімдігі хабарлады.

8 желтоқсан күні түнде Киров көшесі, Өскемен бұрылысы мен Хариузовский бұрылысындағы жеке сектордың төрт ауласы мен Киров көшесіндегі екі жер үйді су басты.

Риддер қаласы ТЖБ қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар халықты хабардар етіп, ықтимал эвакуация жағдайында жеке құрам мен құралдарды дайындыққа келтірді. Халықты уақытша орналастыру үшін қала әкімдігі «Риддер колледжі» КММ ғимаратында орналастыру пунктін алдын ала дайындады. Халық эвакуациядан бас тартты, — делінген хабарламада.

Қала әкімдігі мен облыстық ТЖД құтқарушылары аула аумақтары мен үйлерден суды сорып шығару үшін мотопомпаларды іске қосты. Мұздан тазарту және өзен арнасына қарай еңіс жасау үшін арнайы техника тартылды.

Келтірілген залалды бағалау үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасынан комиссия құрылды. ТЖ салдарын жоюға барлығы 20 адам, жеті техника және екі мотопомпа жұмылдырылды. «ЛК ГЭС» ЖШС қызметкерлері су ағызуды азайтты. Мониториң жүргізіліп жатыр. Таңғы сағат 7.30-дағы жағдай бойынша аула аумақтарынан су кетті, тек жертөлелерде қалды. Оқиға орнына ШҚО әкімі Ермек Көшербаев және облыстық ТЖД басшылығы барды, — делінген ақпаратта.