Басты бетЖаңалықтарНұржан Мұсабеков:...

Нұржан Мұсабеков: Мықты отбасының кілті — сыйластықта

Қазақстан аумағында балаларды тәрбиелеудегі қатынастарды реттейтін негізгі нормативтік құқықтық акт – «Неке және отбасы туралы» кодекс. Онда балалардың әлеуметтік және материалдық құқықтары анықталған. Осы мәселеде айта кетерлік жәйт ол, осыдан бес жыл бұрын Жоғарғы Сот «Отбасылық сот» пилоттық жобасының іске қосылғандығы жайлы мәлімдеді.

Бұл жоба бүгінгі таңда бірқатар облыстарда қызмет атқарып келеді. Биылғы 1 қыркүйектен бастап республика бойынша отбасылық соттар жұмыс істей бастады. Олар арнайы бөлек мәртебе алған жоқ – кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құрамына кірді. Отбасылық және некелік даулардың көпшілігі кәмелетке толмағандардың мүдделеріне әсер ететіні белгілі. Ал кәмелетке толмаған балалардың мүдделеріне қатысты неке-отбасы мәселелерінен туындайтын барлық санаттағы істерді отбасылық соттарда қарауды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар негізінде бір жүйеге келтіру – батыл да дана шешім. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар қызмет еткен уақытында өздеріне жүктелген міндеттерді атқарып келеді. Өйткені, кәмелетке толмағандардың мәселесі өздігінен туындамайды. Барлығы отбасынан басталады.

Ата-ана баласы үшін жауапты. Қанша күш-қуат, қамқорлық, махаббат, еңбек және басқа да жақсы қасиеттерді бойына сіңірсе, бала солай өседі. Өмір бізді отбасылық және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттарды бір тұтастыққа біріктіруге мәжбүр етті. 1 қыркүйектен бастап заңға енгізілген түзетулер күшіне еніп, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзыретін айтарлықтай кеңейтті. Егер бұрын некені кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен бұзу туралы талап жалпы юрисдикциядағы сотқа берілсе, 1 қыркүйектен бастап балаларға қатысты барлық мәселелер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттарға беріледі.

Атап айтқанда, кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасуы; кәмелетке толмаған балалары болған кезде мүлікті бөлу; баланың тұрғылықты жерiн, оның iшiнде ата-анасының бiрiмен тұрақты тұру үшiн Қазақстаннан тысқары жерге көшкен жағдайларды анықтау; егер бала олардан бөлек тұрса, ата-анасының және жақын туыстарының баламен қарым-қатынас тәртібін анықтау; айыру (шектеу) және қалпына келтіру (шектеулерді жою). Бұл дегеніміз, егер бұрын неке бұзу туралы арызды кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылар тұрғылықты жері бойынша қалалық немесе аудандық соттарға бере алатын болса, енді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жүгіне алады. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар үш бағытта жұмыс істейді.

Қылмыстық істер кәмелетке толмағандармен, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар. Азаматтық некені бұзған жағдайда балалардың тұрғылықты жерін анықтау туралы, қарым-қатынас тәртібі туралы, ата-ана құқығынан айыру, ата-ана құқықтарын шектеу туралы, бала асырап алу, әке болуды анықтау және осыдан туындаған даулар бойынша бірқатар істер бойынша кәмелетке толмағандарға қорғаншылық пен қамқоршылық жасау осы мекеменің құзырына кіреді. Бұл мекеме жазалау мақсатын көздемейді. Сот, балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуды көздейді. Біз баланың жетілуіне мүмкіндік беру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз.

Нұржан Мұсабеков
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы
Түркістан облысы