Басты бетЖаңалықтарМұрат Тлеубердиев: Халық прокуратураны кәсіпкер құқығын қорғаушы деп түсінеді

Мұрат Тлеубердиев: Халық прокуратураны кәсіпкер құқығын қорғаушы деп түсінеді

Ата Заң – алтын қазығымыз. Әрбір зайырлы мемлекеттің іргетасын бекітіп, тұғырын биіктетуде Конституцияның орны бөлек. Ата Заңымызда прокуратураның орны мен рөліне айрықша басымдық берілген. Прокуратура органдарының ең негізгі міндеті – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету. Осындай жоғары жауаптылық, ауқымды міндет жүктелген құзырлы органның пәрменділігін арттыруға мемлекет тарапынан аз көңіл бөлініп отырған жоқ.

Соның ішінде, 2022 жылдың 5 қарашасында қабылданған «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қадағалаушы органның құқық қорғау функциясын едәуір ұлғайтқанын айта кеткен жөн. Ерекше тоқталарлығы, «Прокуратура туралы» заңға Конституциялық заң мәртебесінің берілуімен тығыз байланысты. Бұл – еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебе берілген ең алғашқы заң. Осы заң шеңберінде прокуратура органдары қызметінің құзыреттілігі, ұйымдастырылуы және тәртібі белгіленді. Конституциялық заң мәртебесі берілген «Прокуратура туралы» заңның салаға әкелген жаңашылдығы аз емес. Соның ішінде ең бастысы, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 9-бабы 16-тармақшасына сәйкес, Бас прокурорға Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілген.

Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап қызметіне кіріскен Конституциялық Сотқа кез келген мемлекеттік органның жүгіне алмайтыны белгілі. Сондықтан, бұл жаңашылдықты прокуратураны даралайтын, мәртебесін көтеретін, сәйкесінше жауаптылығын арттыратын ерекше мүмкіндік деп түсінген жөн. Бұған қоса, соңғы уақытта заңсыз шетелге шығарылған активтерді қайтару мәселесі қоғамда қызу талқыланған еді. «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға сәйкес, осы активтерді қайтару ісі прокурорларға жүктеліп отыр. Яғни, заңның 10-бабы 1-тармағының 27-тармақшасына сүйене отырып прокурорлар қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару, оның ішінде қылмыстық процестен тыс мемлекеттің мүддесін білдіру бойынша халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қызметті үйлестірумен айналысады. Тағы бір артықшылық, кейінгі жылдары қолға алынған бастамаларға сәйкес халық прокуратураны кәсіпкерлік субьектілерінің құқығын қорғаушы деп түсінеді.

Конституциялық заң прокуратураның осы әлеуетін одан әрі кеңейтті. Осылайша прокуратураға кәсіпкерлік субъектілерін тексеру құқығы берілді. Бірақ бұл құзырлы орган кәсіпкерлерді оңды-солды тексере алады дегенді білдірмейді. Заңның 3-тарауының 18-бабына сәйкес, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру енді тек Президенттің және Бас прокурордың тапсырмасымен, олардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі. «Прокуратура туралы» Конституциялық заң қадағалаушы орган өкілдері беретін нұсқаулардың да шеңберін кеңейтті. Айталық бұрын прокурорлар тек екі жағдайда ғана нұсқау бере алатын. Оның бірі – сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша болса, екіншісі – жедел-іздестіру қызметі бойынша берілетін нұсқау. Ал жоғарыдағы заңды бағдар еткен прокурорлар қазір әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс жүр гізуге, атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге және мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу мәселелері бойынша да жазбаша нұсқаулар беруге құқылы. Бұл өз кезегінде прокуратураның пәрменін арттырды. «Прокуратура туралы» Конституциялық заңдағы тағы бір жаңалық 32-бапта айқындалған. Осы заңды сүйенген прокурорлар бүгінде заңды бұзуға жол бермеу мақсатында түсіндірме жұмыстарын қолға алуда.

Прокурорлар заң тетіктерін ауызша жеткізумен шектелмей, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында БАҚ өкілдерімен бірге заңдағы артықшылықтар мен жауаптылық туралы толық мәлімет беруде. Бұл прокуратура мен қарапайым халық арасын жалғап, билікке, күштік құрылымдарға деген сенімді нығайтады. Бабаларымыз «Жақсы сөз жараны да жазады», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Ауыр істің салмағы білекке түсер, Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» дегенді бекер айтпаған. Халықтың мәселесін шешуде, елдің құқықтық сауатын көтеруде сөздің мүмкіндігі шексіз. Жылы сөз бен шынайы жанашырлық халыққа жақындататын тетік екенін қазір тәжірибе барысында байқап, бағамдап жүрміз.

Прокуратураның құзыретін кеңіткен келесі өзгеріс – қаулыларға қатысты. Бұрын прокурорлар тек тәртіптік іс жүргізуді қозғау, тексеріс жүргізу, күштеп әкелу, құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру немесе шектеу сипатындағы шаралардың күшін жою туралы қаулыларды ғана қабылдайтын. Мұның өзі үлкен құзырет еді. Ал жаңа өзгеріс осы құзыретті одан сайын кеңейтті. Осыдан көріп тұрғанымыздай, халықтың талап-тілегін ескере отырып дайындалған «Прокуратура туралы» Конституциялық заң еліміздің тұтастығын сақтауда және азаматтарымыздың бостандығы мен құқықтарын қорғауда ерекше құзыретке ие. Бұл заң азаматтардың, мемлекеттің және бизнес субъектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғаудағы прокурорлардың құзыреттілігі мен әлеуетін кеңейтті. Конституцияға сүйене отырып қадағалаушы орган қызметінің жұмысын бір арнаға түсіру ел тәуелсіздігін баянды етіп, Қазақстан халқының өркендеуіне жол ашары анық.

Ендеше, прокуратура органының жауаптылығын көтеріп, жұмысын бір арнаға түсіруге серпін берген Конституциямыз мемлекеттің мәңгілік бағдарына, халықтың айнымас қорғанына айнала берсін!

Мұрат ТЛЕУБЕРДИЕВ,
Түркістан облысының прокуроры