2024 жылы медициналық қызмет көрсетуге өтінім қабылдау басталды

2024 жылға арналған медициналық көмекті сатып алу басталды. Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлады.

Медициналық ұйымдар сатып алу веб-порталында жоспарланған көлемдерді орналастыруға өз өтінімдерін бере алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2024 жылға арналған медициналық қызметтер көлемін орналастыру рәсімін жүргізеді. Көлемдерді бөлуге ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің ақпараттар базасына енгізілген медициналық ұйымдар қатыса алады, — делінген хабарламада. 

2024 жылға екі пакетте де медициналық қызметтерді сатып алу жоспарында 2,8 триллион теңгеден астам, оның ішінде МӘМС бойынша – 1,2 триллион теңгеден астам қарастырылған. 2023 жылы сатып алу жоспары 2,5 триллион теңге болды (алдағы жылы қаржыландыру 12%-ке өседі).

ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде 2024 жылға арналған қызметтердің жоспарланған көлеміне өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 1-4 желтоқсаннан 11-12 желтоқсанға дейін жүзеге асырылады. 

Денсаулық сақтау субъектілері қызметтерді сатып алу веб-порталында жоспарланған көлемдерге келесі сілтеме арқылы өтінім бере алады: https://fms.ecc.kz/. Онда әр аймақ бойынша хабарландырулармен танысуға болады.