2024 жылы көктемде Астана әуежайының ұшу-қону жолағы жөнделеді. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Комитеттің мәліметінше, елорда әуежайын дамыту аясында Terminals Holding Group (БАӘ) компаниясымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Компания 2024 жылы көктемде әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ұзақ мерзімді перспективада жолаушылар және жүк терминалдарын кеңейту, толыққанды мультимодальды хаб құру міндетін қойды, — делінген хабарламада.
Президенттің тапсырмасы бойынша келесі жылы Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуежайының перронын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту аясында төрт объекті бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жеке инвестиция есебінен Алматы, Шымкент және Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары салынады. Құрылыстың аяқталуы 2024 жылға жоспарланған. Бұған қоса биыл Қостанай әуежайының аэровокзалын телескопиялық трап және келу залын салу арқылы реконструкциялау жұмысы аяқталып жатыр. Осы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолаушылар тасымалының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді, бұл ел тұрғындарын жайлылықтың жоғары деңгейімен қамтамасыз етеді, — делінген хабарламада.