Астанада көктайғақтан 171 адам зардап шекті

Астанада ауа райының нашарлауына байланысты травматологиялық пункт қызметі күшейтілген режимге көшті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Сағат 17.00-дегі ақпарат бойынша бөлімшелерге 296 адам жүгінген. Оның 171-і жарақат алған. Оның 12-сі балалар. 26 адам ауруханаға жатқызылды.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы елорда тұрғындарын мүмкіндігінше мұқият болуға, жазатайым жағдайға тап болмас үшін ыңғайлы, жалпақ аяқ киім киюді кеңес береді.

Бүгінде №4, 5, 6, 7, 9 10 қалалық емханаларында сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін шұғыл 4-санаттағы балаларға арналған медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем бөлімшелері жұмыс істейді. 9 қараша күні №2 көпбейінде қалалық балалар ауруханасы жанындағы негізгі травматологиялық пунктке түсетін жүктемені азайту мақсатында және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін қосымша травматологиялық пункт ашылған болатын, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, Астанада көктайғақты болдырмас үшін жолдар мен тротуарларға құм-тұз қоспасы себіледі.

Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.