Қытайдан Еуропаға баратын жүктің Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың әлеуеті зор. Бұл туралы көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалы 5,5 миллион тонна болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ке артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі – 42%.
Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалуда. Өткен жылмен салыстырғанда ондағы өсім 44% деңгейінде (2,5-тен 3,6 миллион тоннаға дейін). Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі және ол соңғы жылдары екі есеге өсім көрсетіп жатыр (0,7-1,5 млн тонна), — деді Сәтжан Аблалиев үкімет отырысында.
Сараптамалық мәліметтер бойынша, Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1 миллиард 600 миллион тоннаға дейін жүк тасымалданады. Ал Қазақстан арқылы автокөлікпен тасылатын транзиттік жүк көлемі 1%-тен аспайды.
Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан Қытайдан Еуропаға баратын жүктің ел аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар, — деді вице-министр.
Ол алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемі өсе беретінін атап өтті. 2029 жылға қарай транзиттік тасымал көлемі бес есеге артып, 1 миллион тоннаны құрайды деген болжам бар.
Бұған биыл енгізілген визасыз режим және Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін еркін транзитке мүмкіндік берген жаңа келісім ықпал етеді. Бұдан басқа Қытай тарапы Тир Карнет еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің мүшесі болып қабылданды. Ол кедендік тексерусіз транзиттік жол жүруге мүмкіндік береді, — деді Сәтжан Аблалиев.