Жұмыс сапарымен Шыңғырлау ауданына барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев аудан орталығының 45 тұрғынына көптен күтілген жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды.
Үш қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Мердігер компания «Аксайстройсервис» ЖШС жұмысты биыл бітірді. Жаңа үйден 13 пәтерді әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері, 9 пәтерді жетім балалар, 9 пәтерді көпбалалы отбасылар, 9 пәтерді бюджеттік ұйым қызметкерлері, 5 пәтерді үйі апатты деп танылған отбасылар алып отыр.
Әкім аталмыш ауданның Амангелді ауылында болып, жеке кәсіпкер Ілияс Хайрушиннің «Аруман» жылыжай кешенін аралады. Кәсіпкер бизнесін 2018 жылы бастап, жақын орналасқан Шыңғырлау аудан орталығы мен Ақсай қаласын көкөніспен қамтып отыр. Бүгінде екі жылыжайдан қияр өсіріп, жаздық жаңа жылыжай құрылысын бастап қойған.
Облыс басшысы кәсіпкер еңбегіне разылығын жеткізді. Жылажайдың жай-күйіне қанығып, алынып жүрген өнім шамасын, өнімнің қазіргі бағасы туралы сұрастырды. Құрылысы басталған үшінші жылыжай орнымен де танысты. Кәсіпкерге сәттілік тілеп, Ащысай ауылына қарай аттанды.

Облыс басшысы Н.Төреғалиев Ащысай ауылының Мырзағара елді мекенінде орналасқан «CHINGIRLAU MILK» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін де аралап шықты. Ірі қара малды асылдандыруды басым бағыт етіп ұстаған бұл шаруашылық сүт өндіруді де көлемді өндірістік бағытқа айналдырамыз деп отыр.
Облыс басшысы одан әрі аудан тұрғындарымен кездесті. Ащысай ауылында өткен бұл жиында аудан әкімі М.Өмірәлиев атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап өтті. Облыста атқарылып жатырған ауылдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар мен алдағы жоспарлар тұрғысында айтып өткен облыс басшысына аудан тұрғындары жөндеуден өтіп жатырған «Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай» жолының аяқталуы, аудан орталығына қосымша су мұнарасын қою, аудандық аурухана ғимараты және Л.Қылышев атындағы мектепке күрделі жөндеу қажеттігі туралы өтініштерін жеткізді. Н.Төреғалиев басталған істің аяқсыз қалмайтынын ескертіп, қалған мәселелердің алдағы жылдар жоспарында тұрғанын айтты.