21 градусқа дейін аяз: демалыс күндері ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 2-4 желтоқсан аралығындағы ауа райы болжамын жариялады.

Алдағы күндері белсенді Атлантикалық циклон жырасымен және онымен байланысты атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынды (жаңбыр, қар) болады.

3 желтоқсанда – солтүстік-батыста және солтүстікте, 3-4 желтоқсанда – шығыста, 4 желтоқсанда еліміздің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қатты жауын-шашын болжанады.

Республиканың солтүстік жартысында жауын-шашынмен қатар көктайғақ пен бұрқасын күтіледі.

Ел бойынша тұман, 15-29 м/с екпінде жел болжанады. Солтүстік-батыс пен солтүстікте желдің жылдамдығы кей уақытта 30 м/с және одан жоғары болады.

4 желтоқсаннан бастап солтүстік-батыс антициклонының жотасымен суық ауа массалары енеді. Бұл Қазақстанның басым бөлігінде температураның күрт төмендеуіне әкеледі. Солтүстік-батыс және солтүстікте түнгі сағаттарда 7-21 градус аязға дейін, ал орталық пен шығыста 5-15 градус аязға дейін төмендейді. Оңтүстік өңірлерде 0-5 градус аязға дейін болжанады.