«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы «Халал» сертификатын алды

«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы карамель және ирис өнімдеріне «Халал» сертификатын алды.

«Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығы беретін құжатқа ие болу үшін бірнеше ай бойы екі жақты шаралар атқарылды. Шикізат пен тағамдық қоспалар зертханалық сынамадан өткізіліп, өндіріс аумағында аудит жұмыстары жүргізілді. Өндіру, өңдеу технологиясы, дайын тауарды сақтау, тасымалдау, сату  кезеңдері де қарастырылды. Нәтижесінде, толыққанды тексеріс шаралары шариғат және халал стандартарына сай шықты.

Бүгінде компания әлемнің 14 мемлекетіне «Қазақстанда жасалған» тәттілерін экспорттайды. Оның ішінде ТМД мемлекеттері мен Қытай, Моңғолия, Корея бар. Шетелге шығарылатын тауардың 75%-ы Ресейге жөнелтіледі. Атап айтсақ, қазақстандық өнімді Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан мен Шешенстан мұсылмандары сүйіп жейді. Ал экспорт көлемі бойынша екінші нарық  — көршілес Өзбекстан. Жылына бұл мемлекетке 1800 тонна тауар жеткізіледі. Одан кейінгі орында Тәжікстан Республикасы бар. Аталмыш елдерде «Халал» таңбасына сұраныс жоғары.

«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы

Компания келер жылы өнімнің барлық түріне «Халал» сертификатын алуға мүдделі, — дейді компанияның сату жөніндегі директоры Тұлпар Мансұров.

Айта кетейік, бүгінде жергілікті халық арасында да,  әлем бойынша да халал өнімге деген сұраныс күн санап артып келеді. Оны ғаламның 122 мемлекетінде өмір сүретін 1,5 миллиард мұсылман тұтынады. Сонымен қатар, «халал» өнімдерін тек діни себептер бойынша мұсылмандар ғана емес, басқа дінді ұстанушылар немесе атеисттер де жоғары сапа стандарттарына байланысты таңдайды.