Президент хостелде қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы хостелдердің бірінде қаза болған Қазақстанның және шетел азаматтарының жақындары мен туған-туыстарына көңіл айтты. 

Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Қайғылы жағдайға кінәлілер заң бойынша жауапқа тартылады. Үкімет пен әкімдікке зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету тапсырылды, — деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, 30 қараша күні таңертең Алматыда болған өрт салдарынан 13 адам қаза болды, екеуі ауруханаға жеткізілді.

59 адам шұғыл эвакуацияланды. 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Мұндағы тұрғындардың дені — шет мемлекеттердің азаматтары.

Өртке қатысты қылмыстық іс тіркелді.

Қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдіктер (Ресей Федерациясының екі азаматы және Өзбекстанның екі азаматы). Тағы 9-ы – Қазақстан азаматтары.