Басты бетЖаңалықтарБҚО-да батагөй...

БҚО-да батагөй қариялар байқауы болды

16 қараша күні Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орталықта бата беру дәстүрін қазақ халқының ұлттық құндылықтарының бірі ретінде кейінгі ұрпаққа үлгі ету, халық шығармашылығын насихаттау мақсатында “Бата дарып, бақ қонсын!” атты батагерлер байқауы ұйымдастырылды.

Оған БҚО қоғамдық даму басқармасы, облыстық ардагерлер кеңесі, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы, “Интергал” жастар қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетті.

Сайысқа қатысушы аудандардан және Орал қаласынан жиналған 13 ақсақал ең алдымен ақын Қадыр Мырза Әлі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Одан әрі сайыс өз жалғасын тапты. Қазылар алқасына белгілі журналист-жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин төрағалық етті.

Конкурс: өзін өзі таныстыру, өз таңдауы бойынша бата беру, суырған билеті бойынша бата беру секілді үш турдан тұрды. Конкурс қорытындысында Казталов ауданының өкілі Исмағұл Мусин арнайы дипломмен марапатталды. Бөкейордалық Тілеген Арыстанбеков үшінші орыннан көрінсе, екінші орынды ақжайықтық ақын Сағынтай Бисенғалиев иеленді. Ал тасқалалық Жұмагелді Үмбетәлиев байқаудың бірінші орынын жеңіп алды.