БҚО-ның Казталов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасын түсіндіру, іске асыру туралы кездесу өтті.
Кездесуге облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев, «Aqjaiyq» ӘКК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ержан Досмақов, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған азаматтар, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің төрағалары, бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер, мекеме-бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында сөз алған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның мәліметінше, бағдарлама шеңберінде аудан бойынша 696,6 млн. теңгеге 114 өтініш жолданып, қазіргі уақытта 80 адам жалпы сомасы 506,7 млн. теңге несие алып, жұмысын бастаған.
Осылардың ішінде 50 жоба cүтті бағыттағы мал шаруашылығы (307,3 млн. теңге), 8 жоба етті бағыттағы мал шаруашылығы (50,0 млн. теңге), 21 жоба ұсақ қара малын сатып алу (121,7 млн. теңге), 1 жоба ауылшаруашылығы өндрістік кооперативі мал шаруашылығын дамыту (27,6 млн. теңге) бағыттарында. Қазіргі таңда жалпы сомасы 131,7 млн. теңге болатын 23 несие алушы сұранысы «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында «мақұлдану» мәртебесінен өтіп, заң ескертулерін жою және кепіл, қарыз шарттарына қатысты құжаттарды реттеу сатысында. Сонымен қатар әр түрлі себептермен жалпы сомасы 58,2 млн. теңгені құрайтын 11 несие алушыға несие беруден бас тартылды. Күні бүгін 59 несие алушы 369,2 млн. теңгені игеруде.
Кездесуде «Aqjaiyq» ӘКК» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ержан Нұржанұлы облыс көлемінде бағдарламаның орындалуы, түрлі бағыттағы бизнес идеяларды жандандыру, бағдарламаның шарттары жайында түсіндіріп, тұрғындар сауалдарына жауап берді.
Ендігі мәселе, осы жобаларды жүзеге асыру барысында 117 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылуы қажет, — деді ол.
Облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов өңірде мал шаруашылығынан өзге де салаларды жандандыруға болатынын, өзен бойыннан бау-бақша егуді қолға алу керектігін баса айтты.
Әр тұрғынның әлеуметтік жағдайын көтеруге «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері көп. Барша бизнес бастағысы келетін тұрғындарға құқықтық көмек беру, құжаттарының дұрыс жүргізілуіне жәрдемдесу жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Бағдарлама бойынша 2024 жылы алынатын несиелердің басым бағытын өндіріске бетбұрыс жасауымыз қажет. Келесі жылға жоспарланған кемі 109 жобаның ішінен арнайы жаңашыл өндіріске бағытталған 10 жобаны таңдап, үнемі сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бағдарламаға ниет білдіруші тұрғындарға осы бастан кепілдікке қойылатын мүлік құжаттарына түгендеу жүргізу бойынша түсінік жұмыстары жүргізілуде. Ауыл шаруашылық кооперативтерін құру да көп мәселенің оңынан шешілуіне, жүйелі жұмыс жүргізуге негіз болмақ, — деді өз сөзінде облыс әкімінің кеңесшісі.