БАҚ қызметіне кедергі келтіру: 2015 жылдан бастап 21 қылмыстық іс қозғалды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде журналистің қызметіне кедергі келтіруге қатысты баптың іс жүзінде жұмыс істемейтіні туралы мәселе көтерді.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кейінгі бес жылдағы ахуалға сараптама жүргізілгенін мәлімдеді.

Журналистердің құқығын және мүддесін қорғауға мен дайынмын. Өйткені ол біздің министрліктің құзыретіндегі мәселе. Ал енді нақты бапқа келсек, шынымен де қылмыстық баптың жұмыс істеуі екіұдай. Біз кейінгі бес жылдағы ахуалға сараптама жүргіздік. Мәлімет бойынша, тоғыз ғана іс қозғалыпты. Сондықтан бұл норманы өкілетті органдармен тағы да бір рет қарастырайық. Өйткені бұл жерде адам тағдыры бар. Мұны жан-жақты зерделеп, құқық қорғау органдарының пікірін ескере отырып, екінші оқылымға дейін қарауға дайынбыз, – деді Аида Балаева.

Ал бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев аталған бап заңнамада пайда болғаннан бастап не өзгергені айтты.

Жалпы 158-бап 2015 жылы енгізілді. Сол 2015 жылдан бастап 21 қылмыстық іс қозғалды. Сол 21 қылмыстық істің ішінде сот үкімдері шыққан фактілер де бар. Екі жақтың татуласуына байланысты қылмыстық істердің қысқарғаны туралы фактілер бар. Енді бұл қылмыстық іс тек арыз-шағым түскен кезде ғана қозғалады. Сол себепті істердің қозғалуы немесе қозғалмауы көбіне БАҚ өкілдерінің полиция органдарына дер кезінде шағымдануына тікелей байланысты, әрине. Жалпы проблеманы мен естідім. Жекелеген қылмыстық іс бойынша жеке-жеке талдау қажет. Жалпы бұл 158-бап бұрын-соңды болған. Бірақ 2015 жылы түзетулер енгізілгеннен бастап 21 іс қозғалған. Ал оған дейін бір де бір іс қозғалмаған, — деді бас прокурордың орынбасары.