Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза болды. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 30 қараша күні сағат 05.33-те Әди Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабарлама түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде келді.
Келген бойда бірінші қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған үш қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы – 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06.22-де жойылды, — делінген хабарламада.
Алдын ала ақпарат бойынша өртті барлау және сөндіру барысында 13 адамның денесі табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр.
Олар көміртегі тотығынан уланып қайтыс болған.