БҚО әкімі стратегиялық нысандардың қысқа әзірлігін тексерді

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қыс мезгіліндегі жұмыс барысын пысықтау мақсатында «М.Мәметова атындағы Орал Халықаралық әуежайы» ЖШС, «Батыс СуАрнасы» ЖШС, «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС стратегиялық әрі әлеуметтік маңызы бар мекемелері мен кәріздік тазалау жүйесі нысандарына арнайы барды.

Көпшілікке мәлім, бірнеше күннен бері ауа райының қолайсыздығы салдарынан әуежайда рейстер тоқтап, ұшақтардың ұшып қонуы кейінге шегерілген еді. Қазіргі таңда әуежай қалыпты режимге көшті. Өңір басшысы ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақтардың уақытында ұшып-қону мәселесін қатаң бақылауға алуды әуежай басшыларына мұқият тапсырды.

Күн салқындап, қыс түскенде, яғни қар жауып, қатты жел тұрғанда электр жарығының өшуі орын алатыны жасырын емес. Бұған себеп, облысымыздың электр желілерінің 82 пайызға тозуы. Сондықтан ауа райына байланысты электр жарығының жиі сөну деректері орын алуда. Ағымдағы жылдың 25 қарашасындағы жағдай бойынша Орал қаласы мен Бәйтерек, Тасқала, Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Теректі, Сырым аудандарында 612 абонент жарықсыз қалды. Осыған орай, аудан әкімдеріне орын алған жағдайдың алдын алу және жедел түрде қалпына келтіру тапсырылды.

Әкім, сонымен қатар Оралдағы жылумен қамту бойынша бірден-бір нысан — «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамында болып, бірқатар жұмыстарды одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты. Бүгінде қаланың барлық аумағы жылумен толық қамтылған. Н.Төреғалиев қыс кезінде тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолға алуды жауапты қызметкерлерге қатаң ескертті.

Әкім «Батыс СуАрнасында» болған кезінде бұл кәсіпорында су тазарту құрылғыларының жұмысы мен жерасты суларын тиімді пайдалану бағытында мамандармен пікір алмасты. Оралдағы кәріздік тазарту жүйесін жаңғырту да өзекті мәселенің бірі. 1987 жылы іске қосылған нысан бүгінде толығымен тозған. Сол себепті жедел түрде жаңартуды қажет етеді. Қазір мердігер мекемемен жобалық-сметалық құжатын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы берілмекші. Бүгінде қаламдағы КНС-2 және КНС-3 мекемелерінде құрылыс жұмыстары жүруде, алдағы жылы ол толық аяқталмақ.