БҚО-да «Ел үмітін ер ақтар!» атты ер азаматтар форумы болды

Батыс Қазақстан облысы жастарының бастамасымен ағымдағы жылдың 23 қарашасы күні Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында алғаш рет «Ел үмітін ер ақтар!» атты ер азаматтар форумы өтті.

​Аталмыш шараның мақсаты – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтардың табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Туған өлкесінің өзекті мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу.

​Шараға БҚО азаматтары, мәслихат депутаттары, қоғамның белсенді жастары мен ЖОО және АОО студенттері қатысты.

Фото: БҚО әкімдігі

​Форумда БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-жазушы Мұнайдар Балмолда, БҚО дзюдо федерациясының президенті Рустам Шайхы, «Назар аудар» театрының актеры Азамат Аленов, Орал қаласы ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог-маманы Бақытжан Құралбайұлы және «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты БҚОФ төрағасының орынбасары, «Балаларға базарлық Орал» қазақша аниматорлар орталығының негізін қалаушы Ерлик Шамғали ерлер қауымына, жастарға өз ақыл-кеңестерін айтып, ой-пікірлерімен бөлісті.

Фото: БҚО әкімдігі

Нақтырақ айтсақ, Нұрділдә Ораз мемлекеттік қызмет, халық пен билік арасындағы алтын көпір, Отанға, қызметке деген адалдық жөнінде айтып өтсе, Мұнайдар Балмолда туған жер, тіл, тектілік төңірегінде сөз қозғады. Рустам Шайхы қоғамдық жұмыстардың маңыздылығын айтып, жастардың спортқа қызығушылығын оятып, ынта-жігерлерін арттырды. Ал, «Назар аудар» театрының актеры, көрермендердің ыстық ықыласына ие болған кинотуындылардың продюсері Азамат Аленов өзінің өнер жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Ерлік Шамғали еңбек етуде ешқандай шектеу жоқтығын, жастарға арналған барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалғанын айтып өтті. Бақытжан Құралбайұлы қазақтың салт-дәстүрі мен дінін сабақтастырып, Отанды сүю, ата-ананы қадірлеу, отбасындағы ер азамат рөлі жайында әңгімелеп берді.

Шараға арнайы Ақжайық, Бөрлі аудандарынан тыңдармандар келіп, «Енді осындай шара облысымыздағы барлық аудандарда өтсе екен» деген ұсыныс тастады. Демек, форум мақсаты орындалды, әр сөз алған жандардың сөзі жүрекке жетті деген сөз.