БҚО-да биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 44 кооператив құрылды

Батыс Қазақстан облысында егін ору науқаны барысында 302 мың тонна астық жиналды. Барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 617 мың гектар құрады.

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында өңір басшысы Нариман Төреғалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, майлы дақылдардан 75 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды.

Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс істеп тұр. Бүгінде облыс халқын қызанақ пен қиярмен толықтай қамтудамыз. Облыстың маусым аралық кезеңде картоп-көкөніс өнімдерін сақтау қажеттілігі 70 мың тоннаны құрап отыр. Осы жылы 91 мың тонна картоп-көкөніс өнімдері жиналып, заманауи үлгідегі 32 картоп-көкөніс қоймаласында сақталуда. Облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынып қажеттілік толық жабылатын болады, — деді облыс әкімі.

2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салу көзделген. Агроөнеркәсіп кешенінде 2023-2026 жылдарға 89 млрд теңгеге 40 инвестициялық жоба жоспарланса, биыл 6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

БҚО-да қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінінің үлесін биыл 60%-ға жеткізілмек Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта 714 өтініш бойынша 5 млрд теңгеге несие берілді. Бұл қаражат жыл соңына дейін толықтай игеріледі.

Облыста 270 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс жасайды. Соның ішінде биыл 44 кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құрылды. Сонымен қатар, азық-түлік тауарларының негізгі 19 түрінің 7 түрі бойынша облыс өзін-өзі толық қамтиды, 8 түрі бойынша 75%-ға дейін қамтып отырмыз, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар өңір басшысы облыс тұрғындарын көкөніс өнімдерімен қамту үшін 2026 жылға дейін олардың алқабын ұлғайту жоспарланған. Облыста қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдерінінің үлесі 2022 жылы 56% болса, 2023 жылы 60%-ға жеткізілмек.