Алматыда жастарды жұмысқа орналастыру үшін Jobfаir365 бірыңғай платформасы құрылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бағдарлама үш аспектіні қамтиды – жастарды өз мамандығы бойынша жұмысқа орналастыру қызметі, тегін курстар қызметі және қала жастарына арналған ақпараттық портал. Бұдан бөлек, сайтта орыс және қазақ тілдерінде қысқа мерзімді курстар бар.
Қысқа мерзімді курстардың тізімін анықтау үшін еңбек нарығындағы сұранысқа талдау жүргізілді. Талдау жастарды табысты жұмысқа орналастыру үшін қажет өзекті әрі сұранысқа ие мамандықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Осылайша, курстар ақпараттық технология, цифрлық маркетиң, қаржы, бухгалтерлік есеп, жобаны басқару, кәсіпкерлік, дизайн, сату менеджері, SMM менеджері, мобилограф, графикалық дизайнер, таргетолог, туроператор, гид, курьер, хаускипер және тағы басқа салаларды қамтиды, – делінген хабарламада.
Курстың бағытына байланысты сабақ 20-дан 30 адамға дейінгі топта өткізіледі. Пайдаланушылар аптасына үш рет 2-3 сағат оқиды, онда оқытудың теориялық бөлігі 1-1,5 айға дейін созылады.
Қазіргі уақытта порталда 3,7 мың бос жұмыс орны бар және 20 өңірден 1,5 мың жұмыс беруші тіркелген. Бүгінде 10,2 мың адам оқытылды, оның 9,2 мыңы жұмысқа орналастырылды, — делінген хабарламада.
Қызметтер тізімін https://jasalmaty.kz/ сайтынан көруге болады.