Қазақстанда биыл қыс ерекше жылы болады. Мұндай қыс 20 жылдан аса уақыттан бері болмаған. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктері хабарлады.
Қазақстанның консультативтік маусымдық ауа райы болжамы бойынша 2023-2024 жылдардағы қыс 2001-2002 жылдардағы қыстың сценарийіне сәйкес келеді, яғни жауын-шашын нормаға жақын немесе одан да көп жылы болады.
Суық кезеңде республика аумағында Атлантикалық аймақтардан жылы және ылғалды ауа массаларының жиі қозғалуы күтіледі. Алдағы қыста Қазақстан аумағында температуралық фон басым 1-2 градусқа жоғары болады деп болжанған. Тек желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шегінде, ал елдің солтүстігі мен шығысында нормадан бір градусқа төмен болады деп болжанған, — делінген хабарламада.