Басты бетЖаңалықтарКаспий суының...

Каспий суының тартылу мәселесі талқыланды

Су ресурстары және ирригация министрлігіндегі аппарат кеңесінде Каспийде су деңгейінің төмендеу мәселесі және бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. 

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Вице-министр Болат Бекнияз су деңгейінің ең төменгі көрсеткіші 1970 жылдардың ортасында тіркелгенін, ал төмендеу көбінесе циклдік сипатта болатынын айтты.

Ол Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру барысы туралы да айтып берді. Институт су деңгейін бақылап, Каспий экожүйесін зерттеумен айналысады, сонымен қатар Каспий жағалауындағы өзге мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істейді.

Халықаралық ынтымақтастық Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға сәйкес өтеді. Сонымен бірге Каспий аумағы елдері арасында ғылыми зерттеулер бойынша келісім дайындалып жатыр, — делінген хабарламада. 

Қазіргі уақытта институт құру туралы қаулы жобасы дайындалып жатыр, сонымен қатар республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына шығарылатын қаржы-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.

Министр Нұржан Нұржігітов барлық құжатты дайындауды жеделдетуді тапсырды.

Мәселе күрделі, сондықтан құрылып жатқан ғылыми-зерттеу институтынан Қазақстан үшін ғана емес, Каспий жағалауындағы басқа мемлекеттер үшін де өзекті мәселелерді зерттеу бойынша кешенді жұмыс талап етіледі, — деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, жаңадан құрылған халықаралық ынтымақтастық, су саясаты және ғылым мен инновация департаменттері қордаланған мәселелерді шешу жолдарын табу үшін бір-бірімен тығыз жұмыс істеуі керек.