Басты бетСозақ ауданында...

Созақ ауданында түйе сүтінен йогурт жасалады

Бүгінде шұбат, сиыр сүті, айран, қаймақ әзірлеп, жергілікті дүкендерге жөнелтіп жүрген серіктестік таяуда шұбаттан йогурт пен кілегей әзірлеп, саудалауды қолға алмақшы. Бұл туралы жергілікті БАҚ өкілдерінің Созақ ауданына жасаған пресс-туры барысында белгілі болды, деп мәлімдеді ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

«Алғашқы кезде 500 литрге лайықталған жұмыс істедік. Қазіргі шұбат өңдеу мүмкіндігі тәулігіне 1 тоннаға дейін жетіп отыр. Осылайша, ісімізді жолға қойып келеміз. Таяуда, аудандағы уран өндіру кәсіпорындарымен ондағы әрбір жұмысшы басына 0,5 литрден шұбат жеткізіп отыруға келісімге келдік», — дейді «Аруана» өндірістік коорперативінің төрағасы Жанболат Әдишов.

Жалпы, түйе сүтін өңдеу цехы орналасатын ғимаратты дайындап, жөндеу жұмыстары мен сүтті өңдейтін құрылғыны алу үшін кооператив жетекшілігі «ЫРЫС» МҚҰ» ЖШС-нен 12 млн. теңге несие алған. Бүгінде жұмысын жандандырып жатқан ұжымшар алдағы уақытта түйе сүтін өңдеу үлесін арттыру арқылы күніне оның тәуліктік қуатылығын 5 тоннаға дейін жеткізіп, істі әрі қарай дөңгелетуді жоспарлап қойған.

Айта кету керек, Созақ ауданында бүгінгі таңда 10 мыңға жуық түйе бар.