«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына жалған құжатпен қатысқан ондаған адам анықталды. Барлығы жеңілдікпен миллиондап ақша алған.
Бұл туралы бас прокуратура хабарлады.
Жалған дипломмен жұмысқа ауылға барған мамандар бірнеше облыста анықталды.
Мәселен, 2021жылы К. есімді азамат жалған диплом бойынша Атбасар ауданының оқу орнында биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Ал 2022 жылы мүліктік игіліктер алу мақсатында сол жалған дипломды пайдаланып, бағдарламаға қатысқан. Осылайша, жеңілдікпен 4,9 миллион теңге алды, — делінген хабарламада.
Тура сондай схемамен 12 «маман» ақша алып үлгерді. Залалдын жалпы соммасы 30 миллион теңгеден асты. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.