Басты бетЖаңалықтарАқтау портына...

Ақтау портына екі жаңа мұнай құю танкері алынды

Ақтау портына Taraz және Liwa екі жаңа мұнай құю танкері алынды. Бұл туралы ҚазМұнайГаздың баспасөз қызметі хабарлады.

Мұнай құю танкерлері ҚазМұнайГаз бен Abu Dhabi Ports Group (ADP) арасындағы ынтымақтастық аясында сатып алынды.

Дедвейті 8000 тонна жаңа кемелердің иесі — «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd» (CIMS) бірлескен кәсіпорны. Бұл компанияның акционерлері — «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚМГ еншілес кәсіпорны) мен International Maritime Investments Ltd (ADP еншілес ұйымы), — делінген хабарламада.

Мұнай құю кемелері нидерландық «Damen» концернінің верфінде салынған. Танкерлердің ұзындығы — 140 метр, ені – 16,7 метр, шөгуі — 4,2 метр, жылдамдығы — 10 түйін.

Олар озық басқару жүйелерімен жабдықталған, жоғары техникалық мүмкіндіктерге ие, заман талабына сай болғандықтан берік әрі тиімді. Танкерлер халықаралық қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық талаптарға сай жасалған.

Жоспарға сай жаңа танкерлер биыл желтоқсанда пайдалануға беріледі. Олар Қазақстан мұнайын Каспий теңізі арқылы тасымалдауға жұмылдырылады.