26 қарашада Алматыда «Жаңа адамдар» қозғалысының «Жануарлар әлеміне ЖОҚ де!» деген акциясы өтті. Іс-шараның басты тақырыбы — елдегі жалпы зорлық-зомбылық мәселесі. Акцияда қандай мәселелер айтылды? Жиылғандар не талап етті? Baribar.kz тілшілері көріп қайтты.
Акция Алматыдағы Сарыарқа скверінде өтті. Іс-шараны жүргізушілер президентті мадақтаудан бастады.
Президент заң мен тәртіпті айқын және берік ұстанады. Ол елді басқаруы керек. Біз оған сенеміз, — деді жүргізушілер.
Акция шымылдығын «Жаңа адамдар» қозғалысының лидері Әсел Баденова ашты. Оның айтуынша, бүгінгі акцияның мақсаты — зорлық-зомбылық көрсететіндерге, агрессорларға, “жануарлар әлеміне” «ЖОҚ» деп айту.
Бұған дейін кейбір белсенді мен желі қолданушылары акцияның атауы дұрыс қойылмағанын, жануарларды қорлап жатқанын мәлімдеді. Дегенмен ұйымдастырушылар бұл пікірге келіспейді.
Агрессорлар, адамды ұратындар, өлтіретіндер, зорлықшылар инстинкт арқылы ғана ойлайды. Сол себепті біз оларды “жануарлар” деп атаймыз. Жануарлар ызаланса, бір-бірін тістей бастайды. Инстинкт арқылы ғана әрекет ететін адамдар да сондай, олардың жануарлардан еш айырмасы жоқ. Сол себепті бүгінгі мақсатымыз — жануарлар әлеміне жоқ деу. Бүгіннен бастап біз зорлық-зомбылыққа қарсы акциялар ұйымдастырып, видео, сұхбат түсіріп, ауқымды мәселелерді талқылаймыз, — дейді ол.
Кейін жиылғандар зорлық-зомбылық құрбандарын еске алу үшін бір минут үнсіз тұрды.
Осыдан соң ұйымның бірнеше өкілі кезек-кезек сөйледі. Солардың бірі Әлихан Сәрсенов елде зорлық-зомбылық кез келген жерде — үйде, көшеде, балабақшада, мектепте және тағы басқа жерде болып жатқанын айтты.
Бір балабақшада түсте тәрбиешілер балаларға «ұйықтаңдар» деп бұйырған. Бірақ ондағы бір баланың ұйқысы келмеді. Оған тәрбиешілер бірнеше рет ескертіп, кейін ұйықтату үшін бір ұрған. Тәрбиешінің баладан бойы екі есе ұзын, күші бес есе көп, салмағы он есе көп. Сіздіңше, осындай әрекеттен кейін бала ұйықтауы мүмкін бе? Мектепте де осындай жағдайлар бар. Баланы тапсырма орындай алмағаны үшін ұрады. Бірақ ұрғаннан бала жақсы біліп кете ме? Зорлық-зомбылық ештеңені шешуге көмектеспейді. Зорлық-зомбылық — зорлық көрсеткен адамның адами құндылықтарының тоқырауы, күш көрсетпей, мәселені шеше алмайтын әлсіз адамның әрекеті, — дейді Әлихан Сәрсенов.
Ұйым мүшесі Мадияр Мақсат қазақ қоғамы ар-ождан мен ұят деген қасиеттерді ұмытқаннан, зорлық-зомбылық көбейгенін айтады. Оның айтуынша, елде отбасы институтын қалыптастыру керек, отбасы тәрбиесіне мән беру керек.
Салтанат Нүкенованың өлімінен соң, елде дүрбелең болып, құқыққорғаушылар мен белсенділер тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты арнайы заң енгізу керек екенін, жазаны қатаңдату қажет екенін айтқан еді. Дегенмен «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілдері бұл заңның қажеті жоқ деп есептейді екен.
«Зорлық жасайтындар — тек еркектер. Зорлықшыларды түрмеге отырғызып, мәселені шешуге болады» деген қате пікір бар. Бүгінгі акцияда зорлық-зомбылыққа қатысты резонанс оқиғалар жиналған. Тіпті, сіздер де осындай әрекеттердің құрбаны болған шығарсыздар. Бірақ сол “хайуандардың” бәрі еркек пе? — дейді Ғазиза Лұқманова.
Осылай, Ғазиза Лұқманова зорлық-зомбылық құрбандарының жынысы болмайтынын жеткізгісі келген шығар. Дегенмен оның сөзі ер адамдарды ақтап алғысы келген патриархал қоғамның көзқарасы болып естілді, — дейді акцияға келген алматылық тұрғынның бірі.
Акцияға жақында қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де қатысты. Ол «елдегі зорлық-зомбылық көріп жатқан әр әйелге, әрбір адамға көмек қажет, бұл проблеманы ашық айтып, үнсіз қалмауымыз керек» деп айтты.
Бір қызығы, акцияда зорлық-зомбылық мәселесін шешуге қатысты ешқандай талаптар айтылмады.
Біз жай ғана адамдардың ойланғанын қалаймыз. Мемлекет онсыз да жақсы жұмыс атқарып жатыр, — дейді Әсел Баденова.
Бұған дейін «Жаңа адамдар» қозғалысының парақшасында акцияда Қазақстан азаматтары зорлық-зомбылыққа қатысты білетін оқиғаларын баяндап бере алатыны айтылған еді. Дегенмен іс-шарада ешқандай оқиға толық айтылмады. Тек сөз сөйлеген бірнеше спикер бір-екі оқиғаның басын шолып қана қойды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға шамамен 500-ге жуық адам қатысып отыр. Бірақ мұнда «Жаңа адамдар» қозғалысының арнайы дайындаған күртешесін, шарфын таққан көп адамды байқадық. Олардың киімінде «Жануарлар әлеміне жоқ де!» деген жазу жазылған. Мұндай киімде жүргеннің көбі — «Жаңа адамдар» қозғалысының ұйымдастырушылары және олармен бірге Астанадан еріп келген студенттер. Олар қолына бірдей тақтайшалар және қан сияқты қызыл бояу жағылған ойыншықтар ұстап алған.
Оған қоса жиылғандар түрлі плакат ұстаған. Онда «Хайуандар әлеміне жоқ де», «Зейнеткер бөтен біреудің баласын ұрды», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Біз Салтанат заңын қолдаймыз. Бишімбаевты қатаң жазалау керек», «Әйелдерге зорлық көрсететіндерге жазаны қатаңдатуды талап етеміз», «Салтанат өмір сүргісі келді» деп жазылған. Бұған қарап, ұйымдастырушылар мен жиылғаг кейбір азаматтың мақсаты екі түрлі екенін байқауға болады.
Акцияға әйел құқығы үшін күресіп жүрген Kazfem белсендісі Вероника Фонова қолына «Дина Таңсәріні және Немолчи.kz-ті қудалауды доғарыңыздар» деген плакат ұстап келген. Бірақ ұйымдастырушылар оны қатыстырмай қойған. Белсендінің айтуынша, ұйымдастырушылар оған плакаттағы жазба акция тақырыбына қатысты емес екенін, плакатсыз ғана қатыса алатынын мәлімдеген. Ал фембелсендінің өзі Дина Таңсәріні және оның қоры зорлық-зомбылық құрбандарына жиі көмектесіп жүргенін, сол себепті оның мәселесі акция тақырыбынан алшақ емес екенін айтады.
Бұл акция “елде сөз еркіндігі бар” деген бейнені көрсету үшін ғана ұйымдастырылып жатқаны түсінікті болды. Біз біраз жылдан бері әйел құқығы үшін және зорлыққа қарсы күресіп келеміз. Бірақ бізді қудалайды, сұрау-өтінішімізден бас тартады, біз сотқа арызданып жатамыз, аппеляция шағымын түсіріп жатамыз. Бізге мұндай қауіпсіздікті, алаңды бермейді. Біз ұйымдастырған кезде де полицейлер бүгінгідей жылы жүзбен қарап тұрмайды. Ал енді тұрмыстағы, сексуал зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жүздеген әйелге көмектескен әйелді қудалап жатыр, — деді Вероника Фонова.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де сахнада сөйлегенінде зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесіп жүрген қордың қудалауда жүргенін, мұның дұрыс емес екенін атап өтті. Дегенмен ол қандай қор екенін ашық айтпады.
Зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесіп жүрген қор қудаланып жатыр. Бұл қорсыз мыңдаған қыз көмексіз қалады. Бір жылдан соң, Салтанаттың бейітіне барғанымда “Біз қоғамда бірдеңені өзгерте алдық” деп айтамын деген үміттемін. Біз мейірбан, жақсырақ бола түстік дегім келеді. Мұның бәрі біздің қолымызда және оны бүгіннен бастауымыз керек. Соңғы айтарым — сұмдыққа көз жұмуды доғарайық. Үндемей жүре берсек, ештеңе өзгермейді, — деді Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді.
Осы тұста айта кетері, 24 қараша «НемолчиKz» қоғамдық қорының барлық шоты бұғатталғаны белгілі болды.
Іс-шараға Айнұр Нұрсейітова, Бота Нұрсейітова, Диана Қырықбай, Нұрлан Батыров және тағы басқа блогерлер қатысты. Тіпті ұйымдастырушылар оларға келгені үшін арнайы алғыс айтты.
Алаңға бірнеше тор жасалыпты. Ұйымдастырушылар жиналғандардан қолындағы ойыншық, түрлі оқиға мен ұран жазылған плакаттарды тордың ішіне салуды сұрады.
Іс-шараға жиылғандардың пікірін сұрамақ болдық. Өкінішке қарай, «Жаңа адамдар» қозғалысының арнайы киімін киіп жүрген белсендінің басым бөлігі акцияға да, онда талқыланып жатқан мәселеге де қатысты пікір айтудан бас тартты. Көбі бетін бүркеп, қашып жатты.
Акцияға қатысқан студенттің бірі — Аружан. Ол ұйымдастырушылармен бірге Астанадан келіпті.
«Жаңа адамдар» қозғалысының желідегі видеосын көріп, қызығып келдім. Өзекті мәселені көтеріп жатқанын түсіндім, — дейді ол.
Акцияда егде жастағы адамдардың да жүргенін көрдік. Дегенмен олар да пікір беруден бас тартты.
Қайдағы акция? Жай ғана далбаса нәрсе болды, — деді қария ашуланып.