Басты бетЖаңалықтарҚазақстан мен...

Қазақстан мен Қытай арасында әуе рейстері көбейіп жатыр

China Southern Airlines әуекомпаниясы 2024 жылғы 23 қаңтардан бастап аптасына үш рейс жиілігімен Алматы – Бейжің бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отыр. 

Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады. 

Сонымен қатар сұраныс артқан кезде China Southern Airlines әуекомпаниясы Алматы қаласынан Үрімші және Сиань қалаларына, сонымен қатар Астанадан Үрімші қаласына 2024 жылдың көктемгі-жазғы маусымынан бастап қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға дайын.

Өз кезегінде Loong Airlines әуекомпаниясы биыл желтоқсан айында Алматы – Ханчжоу бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына үш рейстен төрт рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. Келесі жылы жолаушылар ағыны артқан жағдайда әуе компаниясы рейстер санын аптасына жетіге дейін арттыруды көздейді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар әуекомпания 2024 жылы Астана – Ханчжоу, Астана – Ченду және Алматы-Ченду әуе бағыттары бойынша рейстерді ашу мәселесін пысықтап жатыр. Air China әуекомпаниясы да Астана – Сиань – Пекин бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына екіден үшке дейін ұлғайту мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады.

Бұл ретте әуекомпания Сиань қаласына қонбай, екі астана арасында аптасына үшінші рейсті тікелей орындау мәселесін де қарастырады.

Жалпы 2024 жылғы көктем-жаз кезеңінде екі ел арасындағы рейстер саны қолданыстағы және жаңа әуе бағыттары бойынша аптасына 30 рейске дейін артады.