1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 029 шетел азаматы жұмыс істейді.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарларына — 345 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімше басшылары үшін — 2 588 рұқсат (екінші санат).
Негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 5 767 және 608 адам. Сонымен қатар маусымдық жұмысқа 2 078 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 643 адам тартылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 612 жұмыс беруші бар. Онда 468,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 97,2%.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 3 312 адам (25,4%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 580 адам (12,1%), тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 216 адам (9,3%), өңдеу өнеркәсібі – 1 194 адам (9,1%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 757 адам (5,8%).
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 884 адам (29,8%), Өзбекстан – 1 777 адам (13,6%), Түркия – 1 254 адам (9,6%), Үндістан – 1 232 адам (9,4%).
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің 0,24% немесе 22 260 деп белгіленді.