Алматыға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина партиясы келді.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылданды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу жөніндегі қаулыға қол қойды.
Қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін ҚҚП-ға қарсы вакцинаның 1,5 миллионнан астам дозасы сатып алынды. Келген вакциналар ел өңірлеріне жіберіледі.
Вакцинациялау үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаны өндіруде өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін ДДҰ алдын ала біліктілігі бар. Қызылшаға қарсы вакцина 60 жыл бойы қолданылып келеді және аурудың таралуын тоқтату үшін ұсынылады, — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі ел халқының арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауды бастады.
Бірінші кезекте алты айдан 11 айға дейінгі балалар иммундауға жатады. Желтоқсаннан бастап егу мәртебесіне қарамастан екі жастан бес жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сонымен қатар профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарланып жатыр. Қызылшаға қарсы профилактикалық егу күнтізбесі бойынша біздің елде жоспарлы түрде екі рет егілетінін: бала алғашқы егуді 12-15 айлығында, екіншісін — алты жасында алады.