Батыс Қазақстан облысында электр желілері үзіліп, жолдар жабылды. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қараша күнгі сағат 22.00-дегі мәлімет бойынша Орал қаласы мен облыстың алты ауданында күшті желден электр желілері үзілді. Соның салдарынан 1 229 абонент, соның ішінде 14 әлеуметтік нысан электр жарығынсыз қалды.
Орал қаласы Курени ауданында 220 абонент, Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында 512 абонент, соның ішінде бір әлеуметтік нысан, Тасқала ауданында бес елдімекенде 264 абонент (бес әлеуметтік нысан) жарықсыз отыр. Сонымен қатар Ақжайық ауданында үш елдімекенде 112 абонент (үш әлеуметтік нысан), Бәйтерек ауданында үш ауылда 53 абонент (үш әлеуметтік нысан), Казталов ауданы Бозоба ауылында 50 абонент (бір әлеуметтік нысан), Теректі ауданы Рыбцех елдімекенінде 18 абонент (бір әлеуметтік нысан) осындай күйге ұшырады. «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы»» ЖШС күшімен (40 қызметкер, 12 техника) қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Департаменттің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс бойынша тоғыз бағыт бойынша жолдар жабық. Тағы бір жолда автокөлік қозғалысы шектелді.