Ауа райының нашарлауына байланысты алматылық тәртіп сақшылары жүргізушілерді қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Бұл туралы Рolisia.kz хабарлады.
Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырамын. Ауа райының нашарлауы бірінші кезекте жалпы жол жағдайына әсер етеді. Осыған орай, көлік жүргізушілеріне көліктерін қыс маусымына алдын ала дайындап, дөңгелектерін ауыстыруға шақырамын. Ал ең бастысы – жол қозғалысы ережесін мүлтіксіз сақтап, көлік жүргізу мәдениетінің деңгейін көтеру. Бұл қала жолдарындағы қайғылы оқиғаларды болдырмауға көмектеседі. Өзара сыйластық пен тәртіп – жол қауіпсіздігінің кепілі және еліміздің ең ірі қаласында жол-көлік оқиғаларын болдырмаудың шешуші факторларының бірі, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Серік Шумаев.
Айта кетейік, биылғы 10 айда Алматыда 2 991 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 84 адам қаза болып, тағы 3 211 адам жарақат алған.