2022 жылғы дерек бойынша, Қазақстанның IT нарығы кейінгі төрт жылда 72%-ке өсті, бірақ бұл салада әлі де маман тапшы. ІТ саласында қандай мамандарға сұраныс көп? Қазақстан жастары ІТ-дің қай бағытына баса назар аударғаны жөн? Baribar.kz IT маманы Мақсат Қылышбектің және ашық дереккөздегі дерекке сүйеніп, жұмыс берушілер іздеп жүрген мамандардың тізімін жасап шықты.

Java әзірлеушілері

Java әзірлеушілері — Java бағдарламасының тілін білетін маман. Ол Java-ның бірқатар құралын, платформасын қолданып, әртүрлі қолданба жасайды, оны тестілейді. Java әзірлеушісінің негізгі міндеті — түрлі платформа мен операциялық жүйеде істейтін тиімді әрі сенімді код жазу. Java бағдарламасының тілі жиі жаңарып, қолданушыларға жаңа мүмкіндіктер беріп отырады. Сол себепті онымен жұмыс істейтін мамандар үнемі жаңа нәрсе үйренуге дайын болғаны жөн.

ІТ маманы Мақсат Қылышбектің айтуынша, көбіне банктің жүйесі осы Java бағдарламасының тілімен жазылады.

Java-ның тілі күрделірек, сол себепті оны жақсы меңгерген маман да аз, — дейді ол.

Дерек бойынша, көбіне Алматыдағы, Астанадағы жұмыс берушілер тәжірибесі бар Java әзірлеушілерін іздейді. Олар бұл маманға 500 мың теңгеден бастап, 1 миллион 500 мың теңгеге дейін төлеуге дайын.

код жазу, ноутбук, ІТ
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Full stack әзірлеуші

ІТ саласында мамандар тәжірибесі мен біліктілігіне қарай, деңгейге бөлінеді: junior (кіші маман), middle (орта деңгейдегі маман) және senior (жоғары деңгейдегі маман). Қызметкердің деңгейі қаншалық жоғары болса, соншалық көп табыс табады.

Full stack әзірлеушілері қызметіне қарай екіге бөлінеді: backend және fronted. Мақсат Қылышбектің айтуынша, Қазақстанда senior деңгейіндегі Full stack әзірлеушілері тапшы.

Мысалы, мен fronted-әзірлеушімін. Мен сайттың, порталдың интерфейсін жасаймын. Ал backend-әзірлеушілер сайттың немесе порталдың артында болып жатқан, көпшіліктің көзіне көрінбейтін іспен айналысады. Мәселен, тіркелу, жәшікке салу сияқты функцияларды мәліметтер базасына енгізеді. Меніңше, біздің елімізде осы екеуін де білетін  жоғары деңгейдегі Full stack әзірлеуші аз, — дейді Мақсат.

Бұл мамандық иелеріне бірнеше вакансия бар. Жұмыс берушілер шамамен 1 000 000 теңгеден бастап, 2 000 000 теңгеге дейін төлейтінін жазған.

Game developer (Ойын жасайтын адам)

Game developer — компьютер ойындарын жасайтын адам немесе команда. Олар ойын мазмұнын, логикасын жасайды, бағдарламалайды, дизайнын, графикасын әзірлейді, дыбысын реттейді. Бұл мамандардың мақсаты — адамдарға қызық әрі қолдану жеңіл ойын ойлап табу. Game developer ойын жасайтын ірі компанияда да, шағын компанияда да істей алады. Тіпті өз бетінше жұмыс істеп, жеке ойынын әзірлей алады. Game developer мамандары ойын жасау үшін түрлі бағдарлама тілін қолданады. Мәселен, қазақстандық ІТ-маман Айболат Құлатай Aqyl Battle деген интеллектуал ойын жасаған.

Қазақстанда бұл сала аса дамымаған, орта және жоғары деңгейдегі тәжірибелі маман аз. Дегенмен елімізде компания ашып, ойын жасаумен айналысатындар жоқ емес. Міне, осындай жұмыс берушілер Game developer-ді іздейді, — дейді ІТ маманы Мақсат Қылышбек.

Жұмыс берушінің көбі мұндай мамандарға қанша жалақы беретінін жазбаған. Дегенмен кейбірі 750 000 теңге — 1 000 000 теңге аралығында төлейді.

IT
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ақпарат қауіпсіздігі бойынша маман

Технологияның қарқынды дамығаны арқасында дүниежүзінің кез келген жерінен лезде ақпарат алып, онда не болып жатқанын біліп отырамыз. Дегенмен бұл прогресс ақпарат қауіпсіздігі мәселесін тудырды. Адамдардың жеке мәліметтеріне қауіп төнді. Ақпарат қауіпсіздігі бойынша маман компьютерлік жүйелерді, желілерді және деректерді шабуылдардан қорғауда маңызды рөл атқарады.

Олар ақпаратқа, жеке деректерге қаншалық қауіп төніп тұрғанына алдын ала талдау жасап, одан қорғау үшін стратегия құрады. Оған қоса бұл мамандар қауіпсіздік стандарттарын жасап, оны өзі істейтін ұйымда сақталып-сақталмағанын қадағалайды. Бұл бағыттағы қызметкерлер де білімін жетілдіріп отыруы керек, себебі кибершабуылшылар да жылдан-жылға жаңа әдістер ойлап тауып, киберқауіпсіздікті бұзып жатады.

Ақпарат қауіпсіздігі бойынша маман мемлекеттік және жеке компанияда істей алады. Олардың жалақысы 200 000 теңгеден басталады.

Аналитиктер

Дата-аналитик Меруерт Мұханованың айтуынша, аналитиктің түрі көп: бизнес-аналитик, product-аналитик, дата-аналитик, wеb-аналитик және тағы басқа.

Аналитиктер — белгілі бір компанияның, саланың немесе бағыттың жұмысына талдау жасап, олардың проблемаларының себеп-салдарын есептеп табатын, олардың қызметін дамыту үшін болжамдар ұсынатын маман. Аналитиктердің математикадан хабары болуы керек және олар гипотеза жасап, қорытынды шығара білуі қажет.

Жұмыс берушілерге аналиктің барлығы қажет екенін байқайсыз. Әрқайсына қойылатын талап та, ұсынылатын жалақы да әртүрлі.Бұл бағыттағы мамандарға шамамен 200 мың теңге мен 800 мың теңге аралығын төленеді. Кей компанияда жалақы мөлшері бұдан да көп болуы мүмкін.

***

Тағы да оқыңыз:

«Таза» код жазу немесе NoCode: ІТ-маманның білігі қайдан білінеді?