Павлодарда төтенше жағдай жарияланады

Павлодарда және қалаға жақын жерде болған қатты дауылдан кейін табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялауға шешім қабылданды.

«Ашық НҚА» сайтында Павлодар әкімі Хасар Хабылбековтың шешімі жарияланды. 

Құжат жобасы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі қалалық комиссиясының кезектен тыс отырысының хаттамасы негізінде әзірленіп отыр.

Қолданыстағы заңнаманы және Павлодар қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссиясының 2023 жылғы 19 қарашадағы кезектен тыс отырысының хаттамасын негізге ала отырып, Павлодар қаласының және Ленинский, Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдары, Кенжекөл ауылдық округі аумағында табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай жариялансын, — делінген құжатта.

Павлодар әкімдігі өткен демалыс күндері өңірде болған дауылдың салдарын жою үшін жергілікті ауқымдағы табиғи төтенше жағдай жарияланып жатқанын растады.

Шешімнің жобасы ертеңге дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр. Одан кейін күшіне енеді.