Димаш Құдайберген шахтада әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға 20 миллион теңге аударған.
Бұл туралы әлеуметтік желіде ақын, Димаштың ата-анасының жақын досы Бауыржан Бабажанұлы жазды.
Қарағандыдағы Костенко шахтасында қаза болған 46 азаматтың қайғысы әлі ұмытылған жоқ. Мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де олардың отбасына қол ұшын созып жатыр. Әйгілі әнші Димаш Құдайберген де бұл сауапты істен сырт қалған жоқ. Ол сол апатта әкелері қайтыс болған, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға кеше 1 миллион теңгеден аударды. Осы хабарды кездейсоқ естіп қалып, Қанатқа хабарласып ем, растады. Жалпы Айтбаевтар отбасы бергенін жариялай бермейді. Димаш атқа мінгелі ғана емес, бұрыннан солай. Бірақ мына хабарды ел білуі керек қой. Димаштың бұл ісін басқа да өнер иелері жалғастырып әкетсе, кәнеки! Осы мақсатпен жариялап отырмын, – деп жазды Бауыржан Бабажанұлы.