Басты бетЖаңалықтарҚазақстандағы контрабанда:...

Қазақстандағы контрабанда: TRACIT сарапшылары шешу жолын ұсынды

Заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі трансұлттық альянсы (TRACIT) халықаралық үкіметтік емес ұйымы Қазақстан мен Орталық Азиядағы заңсыз сауда мәселесіне қатысты есеп берді.

TRACIT мәліметі бойынша, елге заңсыз әкелінген тауарлар — темекі, ішімдік, тамақ, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен аксессуарлар және жанар-жағармай материалдары. Оның ішінде темекі мен ішімдік, дәрі-дәрмек контрабандасы өткір мәселе болып отыр.

TRACIT-тің саясат бойынша аға кеңесшісі Эстебан Джудичидің айтуынша,  заңсыз сауданың көбейгеніне қорғалмаған шекаралар, бейресми «сұр» экономиканың орасан зор көлемі, реттеуші және құқық қорғау жүйелеріндегі кемшіліктер ықпал етіп жатыр. Сонымен қатар контрабанданы сыбайлас жемқорлық, айыппұлдар мен көлеңкелі схемаларды тежеу жөніндегі шаралардың жетпейтіні,  «қарақшылық» контенттің көп екені өршітеді.

Заңсыз сауданың өсуіне ықпал ететін реттеу мен құқықтың кемшіліктері елдің инвестициялық тартымдылығы мен несиелік рейтиңін төмендететінін есте ұстаған жөн, -деді Джудичи мырза.

контрабанда темекі
Эстебан Джудичи. Фото: Қазақстанның баспасөз клубы

TRACIT сарапшылары заңсыз саудаға тиімді қарсы тұру үшін Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және контрабандаға қарсы іс-қимылды жетілдіруге ықпал ететін бірқатар шараны іске асыру қажет деп санайды. Есепте бірқатар нақты ұсыныс берілген: заңсыз саудаға қарсы күрес жөніндегі бірыңғай ведомствоаралық үйлестірушіні құру, дәйекті салық саясатын жүргізу, шекараларды контрабандадан қорғауды пысықтау, «транзитті үзу» және жалған транзит схемаларын жою. Тағы бір негізгі ұсыныс – контрабанда үшін қылмыстық жазаны күшейту және ұлттық деңгейде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту.

TRACIT-ті ең алаңдататыны – кейінгі кездері контрабанданың қарқынды өскені. Олардың айтуынша, темекі акциздерінің үнемі өсіп отырғанына байланысты контрабандасы да тез өсіп жатыр.

Заңсыз темекі индустриясының артында ұйымдасқан қылмыс тұр, бұлар тағы терроризмнің демеушісі болуы мүмкін. Бұл — бюджетті айналып өтетін орасан зор көлеңкелі нарық, ал бұл ақшаны денсаулық саласын дамыту сияқты әлеуметтік қажеті бар заттарға жұмсауға болатын еді, – деп атап өтті Эстебан Джудичи.

Оның айтуынша, TRACIT деректері бойынша Қазақстан мен өңірдегі заңсыз темекінің негізгі көзі – Біріккен Араб Әмірліктеріндегі зауыттар мен фабрикалар. Кейінгі кезде мұндай өнімдердің нарықтағы үлесінің тез өскені байқалды. Мәселен, ішкі нарықта темекі өнімдерінің заңсыз саудасының үлесі 2020 жылы небәрі 1,6% болса, 2021-22 жылдары ол шамамен 3-6%-ке жетті және өсіп жатыр. Джудичи мырзаның айтуынша, бұл ретте Қазақстан Беларусь пен Қырғызстанмен бірге Ресейге, Еуропа елдеріне темекі контрабандасының транзиттік пункті болып отыр.

Тағы бір алаңдататын фактор – контрабандалық және контрафактілік дәрі-дәрмек нарығының ауқымы. 2016 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Қазақстан нарығында сатылатын дәрі-дәрмектің 70%-ке жуығы лицензиясыз немесе контрафактілі өнім екенін мәлімдеді. Өкінішке қарай, сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерген жоқ.

контрабанда темекі
Фото: Қазақстанның баспасөз клубы

Фермерлерге арналған пестицидтер – бұл бүкіл Орталық Азияда кеңінен сатылатын тағы бір тауар. Бұл өнімнің өсіп келе жатқан проценті заңсыз немесе жалған. TRACIT есебінде Croplife International, ЭЫДҰ, EUIPO, IDSF және FICCI мәліметтері бойынша, Орталық Азияда сатылатын барлық пестицидтің төрттен бір бөлігі жасанды екені көрсетілген. Бұл ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына және ауылшаруашылық жерлерінің жағдайына тікелей қауіп төндіреді. Бұл ретте Қазақстанға контрафактілік пестицидтерді жеткізетін ел – Қытай. Өнімді заңсыз әкелумен айналысатындар OLX жеке хабарландыру платформасын қолданады, сонымен қатар WhatsApp, Telegram, Ozon және тағы басқа байланыс арналары арқылы фермерлер және тұтынушылармен байланысады.