Басты бетЖаңалықтарҒалымдар көктайғаққа...

Ғалымдар көктайғаққа қарсы жаңа материал ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар көктайғаққа қарсы жаңа материал ойлап тауып, оны патенттеді. Бұл туралы көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Оның басқа мұзға қарсы төсеніштен айырмашылығы Қазақстанда әзірленген жаңа реагент аяқ киімді бүлдірмейді, асфальтты бұзбайды және экологияға зиян келтірмейді, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, жол ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Kaztraffic-2023 жол көрмесінде жақында патенттелген көктайғаққа қарсы материалдың тұсаукесерін өткізді. 

Ғалымдардың айтуынша, отандық өнімнің басты ерекшелігі 30°C аязда да мұзды ерітіп жібереді. Көктайғаққа қарсы жаңа материалдың құрамында кальций бар, ол бетон жабындарының беріктігін нығайтады және олардың бетін қабыршақтанудан қорғайды, ал фосфор жол бойындағы өсімдіктерге жақсы әсер етеді.

Өнертабыс авторлары жаңа материалдың құрамында жолдарды бұзып, өсімдіктерге зиян келтіріп және аяқ киім мен автомобиль дөңгелектерін тоздыратын натрий хлориді немесе қарапайым тұздың жоғын айтады.

Біз шетелдік көктайғаққа қарсы технологиялар 10°C аязда да мұзды жартылай ғана ерітетінін байқадық. Күн одан қатты суыса, мұз қайта қатып қалады. Бұл мәселені шешу үшін біз түбегейлі басқа көктайғаққа қарсы материал әзірледік. Оның құрамы мұзды тез ерітеді және 30°C аязды күндері жолда мұздың қатып қалуына жол бермейді, — делінген хабарламада. 

Тәжірибелік учаскеде сынақтан өткеннен кейін институт инвесторларды жаңа өнімді және көктайғаққа қарсы жаңа құралды кеңінен өндіріске қосуды жоспарлап отыр.