Басты бетЖаңалықтарҚарағандыда қаза...

Қарағандыда қаза болған 46 шахтердың туыстарына қандай төлемдер берілді?

Костенко шахтасында қаза болған 46 шахтердың отбасы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеу рәсімдеріне біржолғы төлем алды.

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталық коммуникациялар қызметінде айтты.

Облыс әкімінің айтуынша, мемлекет тарапынан материалдық қолдау көрсетіліп жатыр.

Барлық 46 отбасы БЖЗҚ-дан жерлеу жұмыстарына біржолғы төлем алды. Кәмелетке толмаған балалары бар және 23 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар 20 отбасына асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды. Қаза болған кеншілердің отбасыларына басқа да қолдаулар көрсетіледі, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әкім «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы тарапынан 44 отбасына 10 жылдық жалақы төленгенін (екі отбасының шотына әлі түскен жоқ) хабарлады. Қаза болған кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының несиелері өтелді.

Сонымен қатар компания әр отбасы мүшесіне кемінде 18 шаршы метр алаң болатын пәтер сатып алады, әзірге жеті өтінім қабылданды. Сонымен бірге 18 жасқа дейінгі (оқу кезінде 23 жасқа дейін) балаларға сақтандыру төлемдері болады .

Ермағанбет Бөлекпаев зардап шеккендердің төрт шахтер медициналық мекемелерде жатқанын, олардың жағдайы орташа және жеңіл дәрежеде екенін және қажет медициналық көмек алып жатқанын айтты.