Әлібек Қуантыров: Биыл Қазақстан экономикасы 4,9%-ке өсті

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасы 4,9% өсім көрсеткенін мәлімдеді.

Қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% болды. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%, ал қызмет көрсету саласы – 5,4%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сонымен қатар көлік көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6% болды. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 58%, денсаулық сақтауда – 40%, саудада – 38%, білім беруде – 18%, ауыл шаруашылығында – 8,7%, өнеркәсіпте – 8,3%-ке өсті, — деді министр.

Әлібек Қуантыров өңірлер арасында ең жоғары өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалғанын атап өтті.

Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 2,4%-ке өсіп, 102 миллиард доллар болды. Экспорт 57 миллиардтан астам доллар болды, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 18 миллиард долларға жетті. Тауарлар импорты 44 миллиардтан астам доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы 13 миллиард долларға тең, — деді ұлттық экономика министрі.