БҚО-да Алма Оразбаева атындағы 600 орындық жаңа мектеп ашылды

Бүгін Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының орталығында 600 орындық А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі салтанатты жағдайда ашылды. 

Бұл туралы БҚО әкімдігі хабарлады.

Жаңа білім ордасының ашылу рәсімінде аудан әкімі Асланбек Сарқұлов құттықтау сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ауысымды және апатты білім ордалары тапшылығы мәселесін шешу туралы тапсырмасына орай, міне, бүгін ауылымызда заман талабына сай салынған жаңа мектеп өз шәкірттерін қабылдауға дайын. Ортақ шаруаға жанашырлық танытқан барша азаматтарға елдің атынан алғыс айтамын, — деді Асланбек Сарқұлов.

Аудан әкімі мектеп ұжымына өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан LED экранды тарту етті.

Мектептің бұрынғы ғимараты 2017 жылы апатты жағдайда деп танылған болатын. Содан кейін жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданып, құрылыс 2020 жылы басталды. Мердігер мекеме — «Жиенбай» ЖШС құны 2 млрд 754,3 миллион теңге тұратын нысан құрылысын күні кеше толық аяқтап бітірді. ЖШС директоры Александр Қарағойшин білім ордасының «кілтін» мектеп директорының міндетін атқарушы Інжумаржан Әділгерейқызына тапсырды. 

А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім мектебі

Мектептің биыл ашылуында да символикалық мән бар. Себебі, биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның туғанына 125 жыл, ал Батыс өңіріндегі іргесі XIX ғасырда қаланған бірегей білім ордасының бірі — Алма Оразбаева атындағы мектепке 155 жыл толып отыр. 

Тарихқа үңілсек, 1866 жылғы 17 қазанда Бөкей ордасында жетә жаңа старшындық мектеп салуға шешім қабылданып, мектеп салуға сол кезде Қамыс-Самар мен Талов правителі болған тарихи тұлға Мұхамед-Салық Бабажанов көп еңбек сіңірген. Мектеп 1868 жылы салынып, білім бере бастайды. 1936 жылы С.Киров есімі беріліп, орта мектеп болып қайта құрылады. 1959 жылы мектепке А.Оразбаеваның есімі берілген.

Жаңа мектеп ғимаратында 32 оқу кабинеті бар, 11 интерактивті тақтамен, 10 интерактивті панельмен жабдықталған. Сонымен қатар мектепте бір шеберхана, бір информатика кабинеті, бір робототехника кабинеті, спортзал, екі кітапхана және 50 орындық оқу залы, 130 орындық акт залы, 270 орындық асхана, арт студия, «Алма» студия, фотостудия, психологиялық тренинг кабинеті орналасқан. 

Жаңа мектепте 2023-2024 оқу жылында екі ауысымда 549  оқушы білім алып жатыр. Оларға 87 педагог білім мен тәрбие беруде. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Биылғы оқу жылында 1 класқа 51 оқушы қабылданып, мектепалды сыныпта 39 бала тәрбиеленіп жатыр.

Салтанатты шарада аймақтық бағдарламалар іске асырылғаннан бастап аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарған, барлық деңгейдегі және сатыдағы білім берудің сапасы мен қолжетімділігі деңгейін көтеру үшін жақсы жағдай жасалғаны атап өтілді.